Мазмұндамалар
Қолғанат
Ерланның атасы түстен кейін ауырып қалды. Ауа райы күрт өзгерді. Күн суыта бастады. Ерланның әкесі мен шешесі жұмыста. Үй іші суи бастаған соң, пешке от жағатын отын жару керек болды.

Ерлан қалыңдау киініп, сыртқа шықты. Есік алдына шығып, аспанға қарап біраз тұрды. Жапалақтап қар жауа бастады. Ерлан қойма ішінен балта тауып алды. Қысқа кесілген ағаштың біреуін алып, балтаны сілтеп қалды. Ағаш екіге бөлінді. Екіге бөлінген ағашты тағы да жарды. Ол бірте-бірте ағаштарды жаруға әбден машықтанып алды.

Оң аяғы қақсап ауырған атасы жаюлы төсекке жата салған еді. Көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта көзін ашса, күн кешкіріп қалған екен. Үйде Ерлан жоқ.

Бір кезде сырттан тарс еткен дыбыс естілді.

Атасы аяғын жай басып, терезеден сыртқа көз тастады. Ерлан отын жарып тұр екен. Ол жан-жағына мүлдем қарар емес. Үстіндегі пальтосын шешкен, қолында балта. Ағашты асықпай қояды. Балтаны төбесінен асыра көтеріп, төмен қарай сілтейді. Кепкен ағаш қақ бөлінеді. Атасы Ерланның қолғанат болғанына өте қуанды.

(152 сөз).

Түсіндірілетін сөздер: машықтанып, қолғанат.
Ерлік іс
Қыстың аязды күні балалар көшеде ойнап жүрді. Олар бір-бірін шанамен сүйретті, қар лақтырысты. Қар кеше ғана жауған еді, сондықтан бәрі көңілді жүрді. Алешаға балаларға өзен жағасына барып, биік жерден сырғанауды ұсынды. Ол өзен мұзының қатқанын хабарлады. Балалар Алешаның бұл ұсынысын қызу қолдады.

Балалар алдымен бір-бірлеп төмен сырғанады. Содан кейін Коля мен Саша бір шанаға мінгесті.

Бұлай етуге болмайтынын балалар тез-ақ сезді. Бірақ кеш қалды. Мұз сытырлап жарыла бастағанда, балалар өзен ортасына жетіп қалған еді, енді олар шана-манасымен суға бата бастады. Су өте суық еді, сондықтан балалардың дем алуы ауырлады, ал Коляның аяғы тартылып қалды.

Жағадағы балалардың көңілді шуы бірден тыйылды. Олар аса қорқынышпен өзен ортасына көз тікті. Олардың ішінде Юра деген бала бар еді. Ол жылдам шаналардың жібін шешіп алып, сыртқы киімін шеше салып, Коля мен Сашаны құтқаруға ұмтылды. Ол еңбектеп келіп жіптің бір ұшын балаларға лақтырды. Екі бала да жіпке жармасты. Юра екі баланың өзіне қарай сүйреп бара жатқанын байқап қалды. Сондықтан жіпті біреуің ғана ұстаңдар ,- деп бұйырды.

Алдымен Юра судан Коляны шығарып алды. Ол қатты тоңып, мұздап қалыпты, тілі сөйлеуге келмейді. Бұдан кейін Юра Сашаны құтқарды. Балаларды жарға ең жақын үйге жеткізіп, киімдерін ауыстырды, ыстық шай ішкізіп жылындырды.

(149 сөз).

Тапсырма:
  1. Мәтінді оқып шыққаннан кейін жоспар құрыңдар.
  2. Юраға жазбаша мінездеме беріңдер.
Мерген
Жарқыраған ашық күн болатын. Төңірек – құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тау, тас, өсімдіктердің – бәрі аңшының қимылын бағып, үнсіз тынып қалған тәрізді.

Аңшы ентігін басып, ақырын жүріп, етек жаққа көз жіберді. Жылғадағы қараған ішінде жатқан таутекенің серейген ұзын мүйізі көзіне шалынды. Мерген қос мүйізді қарауылға алды. Осы кезде тынық ауаны шыр ете қалған құс даусы бұзды.

Аңшы жартас жиегінен екі-үш метрдей ғана биікте жанын қоярға жер таппай шырылдаған бозторғайды көрді. Ұзындығы бір құлаш қара шұбар жылан биікке өрмелеп шығып барады екен. Аңшы жыланның алдындағы жиектен бозторғайдың ұясын көрді.

Ол балапандарын қорғап жүргені белгілі болды. Жыланның басы жиекке шыға бергенде, аңшы мылтықтың шүріппесін басып қалды.

Жылан иіріле умақ-шумақ болып, құлап бара жатты. Таутеке де қияға қарай қаша жөнелді. Ұшты-күйлі жоғала қалған бозторғай да қараған ішінен лып етіп жоғары көтерілді. Аңшы соған қарап аз тұрды да, тау шатқалына қарай аяңдап кете берді. Балапандары аман қалған бозторғай, балаларына тамақ таси бастады. Аңшы бозторғайдың балапандарын қорғап қалғаны үшін өзіне-өзі риза болды.

(160 сөз).

Жоспар:
  • Құлаққа ұрған танадай тыныштық.
  • Аңшы көзіне шалынған таутеке.
  • Ұяға өрмелеген жылан.
  • Балапандары үшін жанталасқан бозторғай.
  • Аман қалған балапандар.
Жас Мұхтар
Арадан айлар, жылдар өтті. Түсінігі о бастан кең Мұхтар сыныптас балаларының ішінен дараланып оқшау шықты. Мұхтар үнемі байсалды, тәртіпті әрі ұстамды. Сол үшін болса керек, үнемі сабақты жақсы оқыды. Бала Мұхтардың бойында тағы бір ерекшелігі бар. Ол – жаңалыққа құмарта, қызыға қарайтындығы, орыс балаларының жүріс-тұрысына зер салып, үлгі ала қояды.

Қазақ балаларын орыс әдебиеті баурап алды. Ендігі жерде сабақтан тыс орыс пәні мұғалімінің көмегімен әдебиетпен жете таныса бастадық. Енді Мұхтар бұрын тек атасынан ғана естіген Толстой, Пушкин, Крыловтардың кітаптарын алдына жайып қойып, өзі оқитын дәрежеге жетті.

Әлі есімде, Мұхтардың үлесіне «Түс» әңгімесінің 16-шы тарауы түсті. Арада бір күн өткен соң Мұхтар әлгі әңгімені сыныпта, мұғалім алдында әңгімелеп берді. Мұхтар орыс тілінде жақсы сөйлейтін. Орыс тілінде жақсы, сенімді сөйлейтініне оқытушы да дән риза болған еді.

Ол әрқашан байсалды, әдепті мінезінің ұстамдылығымен оқытушылары алдын да, жолдастары алдында да қадірлі саналатын, тіпті өз сыныбында ерекше көзге түсетін, бір курстағы оқушылар арасында да аса беделді болатын. Орыс тілін өте жақсы игергені үстіне, сол тілдің жай-жапсары жайындағы білімнің кеңдігіне бізді таң қалдыратын еді.

(161 сөз). А.Әуезов

Жоспар:
  • Мұхтардың сыныптас балаларының ішінен дараланып шығуы.
  • Жаңалыққа құмар.
  • Толстой, Пушкиннің кітаптарын оқи алатын халге жетуі
  • Орысша жақсы сөйлейтіндігі
  • Бәрінің алдында беделді.

Мазмұндама жазуға қойылатын негізгі талаптар:


Мазмұндама – оқушының өз ана тілі мен әдебиетінен алған білімін тексерудің негізгі нысандарының бірі. Мазмұндама арқылы баланың өз ойын жүйелі баяндай білу қабілеті мен тіл байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді.

Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынадай түрлерін жүргізуге болады:
  • -дайын мәтін бойынша мазмұндама;
  • -сурет бойынша мазмұндама;
  • -аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.
  • Мәтін мазмұнын мазмұндап жазу формалары әртүрлі болады;
  • -мәтін мазмұнын дәлме-дәл жеткізіп жазу;
  • -мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыру;
  • -өз жанынан қосымша оқиға қосу;
  • -мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни, бірінші жақ, осы шақ формасында немесе керісінше мазмұндау;
  • -қысқарта мазмұндау, яғни, берілген мәтіннен тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқарту;
  • -кеңейте мазмұндау, яғни, мәтін мазмұнына байланысты дәйексөз және эпиграф келтіре отырып мазмұндау;
  • -берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасау.

Шығарма мен мазмұндаманы бағалау.
Оқушы шығармасын тексеру, бағалау негізінен бес салаға бөлініп қарастырылады:
  1. мазмұндылығы мен идеялылығы;
  2. ой-пікірдің жүйелілігі;
  3. стилі;
  4. грамматикалық сауаттылығы;
  5. әдеби материалдарды пайдалануы.
Бұлардың қай-қайсысы да оқушы білімін бағалауда маңызды. Оқушылардың тақырыпты аша білу және стильге сәйкес тілдік құралдарды пайдалана алу дағдысы; тілдік нормалар мен сауатты жазу ережелерінің сақталуы; ой-пікірдің жүйелілігі, тақырыпты ашуға байланысты сөз қолданысы, бір сөзді бірнеше рет қайталамауы, дәйексөзді ұтымды қолдана білуі; алынған әдеби материалдарының, дәлелдерінің нақтылығы, тақырыпты ашуда тиімді қолдануы бағалауда ескерілу ұсынылады. Шығарма мен мазмұндама екі бағамен бағаланады: Бірінші баға – мазмұны мен тіл шеберлігіне (көркем тілмен жеткізілуі) қойылса, екінші баға – сауаттылығына, яғни, орфографиялық, пунктуациялық және тілдік нормалардың сақталуына қойылады. Баға дәптердің сол жақ шетіне қойылады. Бақылау жұмысының бағасы жазба жұмысы өткізілген күнгі журналдағы бағанға қойылады.
This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website