Диктант

Оқушылардың сауаттылығын арттырып, сөздік қорларын байытады. Диктантты жаздыру арқылы оқушының білімді қандай деңгейде игергендігін тексеруге болады. Осы жұмысты ала отырып, емлелік, пунктуациялық қателермен жұмыс жасап, оқушының білімін толықтырып отыру қажет.

Мақсаты:
  • Диктант жүргізу, оған қойылатын талаптар, жаздыру техникасы жайлы және диктант түрлері туралы мағлұмат беру.
  • Диктанттың оқушы сауаттылығын арттыруда, тіл дамыту жұмыстарын жүргізуде алатын орнын көрсету.
Диктанттың түрлері:
Мәтін ішінен өтілген ережеге сай сөздер мен сөз тізбектерін немесе жеке сөйлемдерді теріп жазады. Терме диктант фонетика, грамматиканы пысықтау үшін өте қажет. Оқушының ақыл- ойын дамытуға көмектеседі.
Диктант мәтініне қойылатын талаптар:
1
Көлем сынып ерекшелегіне сай болуы тиіс;
2
Тәрбиелік мазмұны болуы керек
3
Мәтіндегі орфограммалар мен пунктограммаларды оқушылар игерген, таныс бағдарламаға сәйкес болуы керек
4
Мәтіннің көркем шығармалардан алынған үзінді түрінде жеңіл болуын ескерген жөн;
Диктант өткізудің әдістемесі
Ең алдымен талапқа сай мәтін іріктелініп алнады. Мәтін іріктеуде төмендегідей шарттар ескерілуі тиіс:
  1. Диктант мәтіні мазмұнды, түсінікті, әдеби тіл нормаларына сай болуы;
  2. Диктанттағы сөз мөлшерінің сыныптар бойынша талапқа сай болуы;
  3. Сирек қолданылатын жазуда қиындық келтіретін сөздердің мейлінше аз болуы;
  4. Диктан мәтінінің өтілген ережелер мен емлелерді қамтуы.
  5. Мәтін мазмұнының тәрбиелік мәнді болуы.
6-сынып оқушыларына ұсынылған диктант
Дастарханға нан қалай келді?
Нан тарихының тамыры сонау ежелгі заманға кетіп жатыр. Ғалымдардың пікіріне қарағанда,ол он бес мың жылдан асса керек.Әйтсе де алғашқы нанның өсімдігі бидай да, сұлы мен арпа да емес, кәдімгі емен екен. Ерте заманда адамдар емен жаңғағынан мол өнім алып, үгіп, онан ұн жасаған. Бұдан бес мың жыл бұрын адамдардың емен жаңғақтарынан ұн жасап, пісірген нанның қалдықтарын Кировоград облысының аумағындағы Триполь елді мекенін қазу жұмыстар жүргізген археологтар тапқан.

Дәнді дақылдарды қолдан егуді, оның дәнінен ұн жасауды адамдар бірте-бірте меңгерген. Сұйық ботқа – біздің қазіргі нанымыздың бастапқы түрі болған. Ал Африка мен Азияның бірқатар елдерінде әлі күнге дейін нан орнына осындай быламықтарды қолданады.

(102 сөз).
Аңға шыққанда
Алдымызда бір төбе бар еді. Арғы етегі – ағаш. Соның тұсына барғанда, қасқыр көзімнен ғайып болды. Бір кезде аспанда түйіліп айналған бүркітім төмен қарай сорғалай құлады. Қасқырдың аузына түсіп, жазым бола ма деп қорықтым. Атымды тебініп, шаба жөнелдім. Қалың күртіктің ішіне ат бара алмайды. Жалма-жан атты қаңтарып тастадым. Сыртқы күпімді шештім де, жеңіл киіммен күртікті өрлей, ағаштың ішіне жүгірдім. Мөлшерден қаталасқан жоқ екен. Бүркітім шақырған жерге ентігіп жүгіріп бардым. Оның бір аяғы құрықтай қайыңға қадалған да, бір аяғы қасқырдың төбесінде тұр. Қасқыр сіресіп тартып тұр. Аяғын қалай үзіп әкетпегенін білмеймін. Жүгіріп келген қалпыммен қасқырдың тірсегінен алдым да, қындағы пышағымен ішін осып жібердім.

(102 сөз). С.Мұқанов
Шәмші Қалдаяқов
Халық ішінде әншілер де, сазгерлер де көп болады. Алайда бір сазгердің әнін бүкіл халық – үлкені де, кішісі де, қарты да, жасы да – сүйіп айтуы сирек құбылыс. Ондай ән шығарған сазгер – ұлы сазгер.

Шәмші Қалдаяқов – бүкіл қазақ халқына ән салдырған осындай сазгер болды.

Шәмші Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында туған. Ол жас кезінен-ақ тамаша әндер шығара бастайды. Шәмшінің әндері ерекше жұмсақ, жылы сазымен ел назарын бірден аударды. Оның әндері қазақ эстрада музыкасын байытты. Әлемдік музыкада Штраус, Шопеннің вальстері қандай орын алса, Шәмшінің вальс ырғақтары да сондай әсем.

Данышпан ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов Шәмші саздарын Ақан сері, Біржан салдан кейінгі «үздік құбылыс» деп бағалады.

(102 сөз). «Жас Алаш» газетінен
Қазақтың ұлттық тағамдары
Сөк. Қуырған тарыны қазақ сөк деп атайды. Ол үшін тары жел өтіне суырылып, ерекшеленеді, тазаланады. Бірнеше рет таза суға жуылады. Дегдігенше оны аздап кептіреді де, қазанға су құйып, тарыны соған салып, қайнатады. Қазандағы тары қауызы ашыла бастағанда,сүзіп алады. Содан соң таза сумен бірнеше қайтара жуып, дегдуі үшін, жайып қояды. Дегдіген соң, қызған қазанға салып, қуырады. Қуырған кезде бұлғауышпен үздіксіз бұлғап отыру керек. Әйтпесе, тарының астыңғы беті қуырылып, үсті қуырылмай қалады. Ал ала-құла қуырылған тарыны ақтаған кезде, қауызынан ажырату қиын. Әрі мұндай тарының сөгі де ала болады.

Сөк көбінесе шай дастарханына қойылады. Сондай-ақ тағы да басқа неше түрлі тағамдар дайындауға болады.

(103 сөз). «Қазақ күнтізбесі» 1991
Тоғызқұмалақ
Спорттың түрі көп. Бірі – күшті болуға, екіншісі – жылдамдыққа, үшіншісі табандылыққа баулиды. Ал тағы бір түрі ойлауға үйретеді. Оларға шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жатады.

Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны. Бұл ойында сүйек тастарды ұяларға тоғыз-тоғыздан түсіп отыру керек. Тоғызқұмалақ –жылдам есептеуді, тез шешім қабылдауды қажет ететін күрделі ойын. Тоғызқұмалақ-та бір ойынды жарты күн немесе бір күн ойнайды.

Ұлы ақын Абай тоғызқұмалақ ойынының шебері болған. Абай тоғызқұмалаққа үлкен мән берген. Ол атақты ойыншыларды шақырып, жиырма-отыз күн бойына сайыс өткізіп отырған. Бұл туралы Мұхтар Әуезовтің ‘’Абай жолы’’ кітабында жақсы жазылған.

Қазір Қазақстанда тоғызқұмалақ ойынынан халықаралық жарыстар өткізіліп тұрады. Әбілда Ақшораев тоғызқұмалақтан алты рет республика чемпионы болған.

(104 сөз). Жас Алаш газетінен
Әке
Әкемнің жүріп өткен өмір жолына зер салсам, өмірдің күнгейінен гөрі көлеңкелі жағы көбірек бұйырыпты. Болашаққа деген бар сенімін серік етіп арманға ұмтылыған бозбала шақтағы жалт еткен аз ғана қуаныштан өзгесінің бәрі көмескі.

Бізге, балаларына, деген әкелік мейірімі, сезімі деп білем. Өзі шыға алмаған биіктерге самғайтын, жете алмаған болашағына арманын апарып жалғайтын қанатым деп білетін, біздерді. Өмірде өз еншісіне тиген қандай асу, бел-белестерден де алып шыққан, алға сүйреген үлкен күш, ұлы сезім – әкелік махаббат десем, артық айтқандық емес. Тереңнен толғап айтатын өмір туралы өзекжарды ақылы, алыстан сезімін сағынышқа бөлеп жетіп жататын хаттары, артында қалған өлең-мұрасы әке көкірегінен күмбірлеп төгілген күй сазындай, бізге артып кеткен аманатындай.

(106 сөз). Қайрат Раев
Көктем көрінісі
Көктем – табиғаттың той-думаны. Көктемнің беташары – наурыз айы. Наурыз айында бүкіл Шығыс халықтарының мерекесі – Жаңа жыл тойланады. Бұл – күн мен түннің теңелетін, қардың еріп, көктемнің исі шыға бастайтын кез.

Ал сәуірде қар кетеді, ағыл-тегіл болып бұлақтар ағады. Жер беті жасыл көрпеге оранып, жауқазын гүлдерден алқа тағынады, теректер бүр жарып, құлпырады. Мамыр айында айнала ақ ұлпа гүлге бөленеді. Тау бөктеріндегі шие, алша, алмұрттың гүлдерінен төңірек ерекше түске боялады. Алманың ақшыл қызғылтым гүлдерінен көзің тұнады. Әсіресе, өрік ағашының жапырағы түгел гүл болып кеткен бе дерсің, қып-қызыл-ау, қып-қызыл!

Мамыр айы – табиғаттың, адамзаттың мерекесі. Кең даламыз, туған ауылымыз көктемде қызыл-жасыл түрге бөленеді. Неткен шебер бұл көктем!

(106 сөз.) «Жыл он екі ай» кітабынан
Ата көрген оқ жонар
Ата-бабамыз ұлды өздеріндей еңбексүйгіш, малсақ, жауынгер, әнші, күйші, аңшы, құсбегі-бесаспап азамат етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Жігіттің бойына өнер мен еңбекті, ізгі адамгершілік қасиеттерді қатар сіңірген. Ер баланы бес жасынан бастап ат жалын тартып азамат болғанға дейін мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, теріден, темірден түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға, яғни, қолөнер шеберлігіне баулыған. Әкелері мен аталары ұлдарға мал жаюдан бастап шаруаның алуан тәсілдерін үйретіп баққан.

Қонақ күту, үлкенге иіліп сәлем беру, ән айтқызу, домбыра тартып, күй шерткізу, өлең-жыр жаттату, жаңылтпаш, жұмбақ үйрету немесе теңге алу, жамбы ату, аударыспақ, сайыс, көкпар, күрес сияқты ұлт ойындарын үйрету – тәрбиенің басты шарты болып есептелген.

(107 сөз).
Теледидар
Теледидар өнерге, мәдениетке, халыққа қызмет етеді. Оның адам үшін пайдасы көп. Үлкенімізге де, кішіміз де теледидар алдында көп уақытымызды өткіземіз. Өкінішке орай, оның зиян жағы да бар. Әсіресе ол адамның денсаулығына үлкен әсер етеді. Ғалымдар теледидар алдында ұзақ отыратын балалардың қанында холестерин көп болатынын анықтаған. Бәрімізге белгілі жағдай – теледидар көздің көруін нашарлатады. Ол адамның психологиясына әсер етеді. Әсіресе балалар мінезі өзгеруде. Олардың ашушаң, ренжігіш болып өсуіне осы көгілдір экран кінәлі. Теледидарға құмар бала, әдетте, кітап оқымайды. Бала теледидар тұтқынына айналады. Ондай балада белсенділік төмен болады. Оны енжарлық, жалқаулық басып тұрады.

Алтын уақытты тек теледидар алдында өткізген дұрыс емес. Әрине, теледидардан білім, таным, өнер үшін қажетті бағдарламаларды көруге болады.

(108сөз). «Зерде» журналынан

Ғажайып көл
Үнді мұхитының бір аралында ғажайып бір көл бар. Оның сұлулығындай көлді ешкім көрмеген болар. Күндіз айнадай жарқырап тыныш жатады. Ал, қалай кеш батты деңіз, сол-ақ екен, көл үсті отша жанып, өртене бастайды. Кәдімгі бейне бір салют беріп жатқандай. Міне, бұрқ етіп шоқтар ұшты. Олар су үстіне сөнбеген қалпы қайта жауып жатыр. Қайсыбір жерде от сақиналар дөңгелеп, біріне-бірі соғысып атылады. Енді бір жерде шұбалаңдаған арқан тәріздес оттар көрінеді. Кәдімгі айдаһардан бір де кем емес. Егер де осындай тамашаны көріп тұрған сіз ол суға шомылатын болсаңыз, онда өзіңіз де отша жанып, жарқылдап кетер едіңіз.

Көлдің бұлай от болып жарқырау себебі оның үстіндегі миллиардтап жыбырлап жүрген бір клеткалы организмдердің әсері екен.

(110 сөз).«Ғалам ғажаптары»
Шұғаның аулында
Күн бата ауылдан шықтық. Біздің де жеккеніміз пар ат. Делбені өзім ұстадым. Қатты шыққан қарқынымызбен келіп қалдық. Әбдірахманның екі көзі алдында. Алдымызда жүз метрдей жерде Есімбектің үйі тұр, бірақ Шұға көрінбейді. Енді кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз, бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей беремін. Бұдан кетсе, Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас деген ой елестейді. Бір-бірімізбен сөйлеспей келеміз, сонда да біріміздің ойлағанымызды екіншіміз біліп келеміз. Есімбектің қабаған төбеттері алдымыздан шықты. Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, бірақ бәрінің көзі бізде. Басында кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі түйе сауып тұр. Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Осы кезде ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі – Шұға.

(110 сөз). Б.Майлин
Ана
Ана! Бұл сөз жер бетіндегі әр елде бар. Ол – көркем, сүйкімді де ұлы сөз. Бесікте жатқан бала соны айтып былдырлайды. Оны жасөспірім мен қартайған шал да, қайталап айтады. Байлығы шалқыған үйден де, кедейдің лашығынан да осы сөз құдіретті естіледі.

Даңққа бөленген әртіс әр уақытта анасын жадында сақтайды, ақын өлеңдері мен әндерінде жырлайды, суретші оның бейнесін мәңгі қалдырады. Мүсінші оны тастан қашайды.

Ана баласын мейлі ол әйгілі немесе елеусіз болсын, мейлі ол білімсіз немесе білімді болсын – бәрібір сүйеді. Ол оны құрсағында өсіреді, оған өмір береді, өз өмірін де соған арнаған. Ол баласымен бірге күледі, сонымен бірге күреске шығады – бәрінде де, барлық істе де ол сонымен бірге. Ана махаббаты қандай ғажап еді!

(110 сөз).
This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website